ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының үшінші турында «Тұран» (Түркістан) кезекті жеңісіне қол жеткізді.
Асқар Шалқыбековтің шәкірттері бұл жолы «Алматы» командасын 3:0 (25:15, 25:19, 25:21) есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, Петропавлда қатарынан бес ойынын жеңіспен аяқтаған өткен жылғы ел чемпиондары 40 ұпаймен төртінші орынға тұрақтады.
Өткен жылғы кубок пен суперкубок иелері «Жетісу» (Талдықорған) клубы 20 матчтан кейін 56 ұпай жинап, турнир кестесінде көш бастап келеді. Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар бүгін көш соңындағы «Ертісті» 3:0 (25:13, 25:13, 25:14) есебімен ойсырата ұтты.
«Қарағанды» ақтөбеліктерді 3:0 (25:17, 25:23, 25:19) есебімен ұтып, 39 ұпаймен «Тұранды» өкшелеп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» қатарынан сегіз рет жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).