Волейбол: «Жетісу» қатарынан сегіз рет жеңіске жетті
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының үшінші турында орталық кездесу «Жетісу» мен «Қуаныш» (СҚО) арасында болды.

Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар өткен жылы кубок пен суперкубокты жеңіп алған еді.
«Жетісу» чемпионатта да «Берел» (Өскемен) клубымен бірге көш бастап келеді. Ал Азамат Есімовтің шәкірттері өз алаңында барын салатыны анық еді. Олар бірінші партияны (25:21) өз есебіне жазғанымен, әрі қарай жалғастыра алмады – 23:25, 11:25, 13:25. Жалпы есеп – 3:1, «Жетісудың» пайдасында.
Осылайша, талдықорғандықтар қатарынан сегізінші кездесуін жеңіспен аяқтады.
Сондай-ақ өскемендіктер де «Грация KZ» (Орал) командасын 3:0 (25:5, 25:20, 25:11) есебімен ойсырата ұтты.
Сенбі күні командалар демалады, жексенбіде ойындар қайта басталады.
Дүйсенбіде «Берел» мен «Жетісу» командалары өзара кездесіп, қай мықтыны анықтайды. Өскемендіктер жеңіс саны (18) жөнінен алда келе жатса, талдықорғандықтар – ұпайды (53) ең көп жинаған команда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Петропавлдағы турда үш окманда жеңіліссіз келе жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Ақтөбе» командасы «Алматыны» жеңді.