АСТАНА. KAZINFORM — Түркістанның «Тұраны» әйелдер клубтары арасында Мальдив аралдарының астанасы Мале қаласында өтіп жатқан Орталық Азия чемпиондар лигасында бастапқы кездесуін өткізді.
Аталмыш жарыста 7 команда екі топқа бөлінген.
Асқар Шалқыбековтің шәкірттері бүгін өз тобында Hirdaramani SC (Шри-Ланка) командасымен ойнады. Түркістандық волейболшылар алғашқы екі партияда аса қиналған жоқ — 25:11, 25:8. Соңғы сет те «Тұранның» пайдасына шешілді — 25:20. Қорытынды есеп — 3:0.
Түркістандық клуб 6 ақпан күні алаң иелері — WAMCO (Мальдив) командасымен кездеседі.
Өткен жылы ерлер клубтары арасында Мале қаласындағы осындай жарыста Оралдың «Жайығы» топ жарған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Орталық Азия чемпиондар лигасында «Тұранның» ел намысын қорғайтынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).