АСТАНА. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші турының соңғы ойындары өтуде.
Өткен жылғы ел чемпионы «Тұран» (Түркістан) турды сәтті өткізді деуге болады.
Асқар Шалқыбековтің шәкірттері бүгін «Грация KZ» командасын 3:0 (25:6, 25:22, 25:15) есебімен ұтты.
Бұл «Тұранның» қатарынан алтыншы жеңісі еді. Осылайша, үшінші тур қорытындысымен түркістандықтар «Қарағандыны» артқа қалдырып, 43 ұпаймен турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.
Осы турда «Тұраннан» Светлана Николаева үздік ойыншы атанды.
Қарағандылықтар «Алматыдан» 3:0 (25:21, 25:18, 26:24) айласын асырғанымен, 42 ұпаймен бесінші сатыда қалды.
Бүгін тартысты кездесу «Ақтөбе» мен «Ару-Астана» арасында болды. Мұнда ақтөбеліктер 3:2 (21:25, 25:21, 20:25, 25:23, 15:12) есебімен басым түсіп, 23 ұпаймен алтыншы орынға жайғасты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан өскемендіктердің «Жетісу» командасынан есе қайтара ала ма, соны жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).