Волейбол: Өскемендіктер «Жетісу» командасынан есе қайтара ала ма
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының үшінші турында «Берел» (Өскемен) әзірге ешкімге дес бермей келеді.

Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын өскемендіктер жексенбі күні «Ару-Астана» командасынан 3:0 (25:19, 25:18, 25:16) есебімен басым түсті.
Осылайша, «Берел» қатарынан сегізінші кездесуінде қарсыластарын қапы қалдырды.
Өскемендіктер турнир кестесінде жеңіс саны (19, ұпайы – 54) жөнінен алда тұр. Ал «Жетісу» 18 ұтыстан кейін (Талдықорған) 56 ұпай жинады.
«Қуаныш» (СҚО) өз алаңында «Грация KZ» (Орал) клубын 3:0 (25:14, 25:20, 25:5) есебімен тізе бүктіріп, 46 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Дүйсенбі күні үшінші турдың орталық кездесуі «Берел» мен «Жетісу» командалары арасында өтеді. 9 желтоқсанда өскемендіктер талдықорғандықтарға 1:3 есебімен жол берген еді. Сол ойында кеткен есені қайтара ала ма, оны алдағы бәсеке көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Тұранның» қатарынан бес кездесуін жеңіспен түйіндегенін жазған болатынбыз.