ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорған қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының үшінші турында «Жайық» пен «Тараз» өзара мықтыны анықтады.
Виктор Козик жаттықтыратын оралдықтар он матч бойы жеңілмей, 31 ұпаймен жеке-дара көш бастап келе жатса, өткен жылғы ел чемпионы «Тараз» (бас бапкері Юрий Башкатов) 7-сатыда ғана тұрған-ды.
Бұл бәсекеде «Жайық», «Тараз» да тәжірибелі ойыншыларына сенім артты.
Бірінші кезеңде есеп 16:16 болғаннан кейін батысқазақстандықтар алға шығып, күш алып кетті — 25:20.
Екінші партияда «Жайық» бірден басымдылық танытты — 25:20.
Үшінші сет барысында «Тараз» 18:15 есебімен алға кеткенімен, В.Козик шәкірттері таразы басын теңестіре білді — 18:18. Матч Виталий Эрдштейннің эйсімен аяқталды — 28:26. Қорытынды есеп — 3:0.
Осылайша, «Жайық» жеңіс сериясын 11-ге жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Талдықорғанда волейболдан Қазақстан чемпионатының үшінші туры басталатынын жазған едік.
«Буревестник» тартысты матчта «Ақтөбені» ұтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).