АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының жартылай финалдық бәсекелері мәресіне жетті.
Марат Адрышев жаттықтыратын «Жетісу» клубы тұрақты чемпионатты бірінші орынмен аяқтаған еді. Плей-офф кезеңінде де талдықорғандықтар қарқынын жоғалтқан жоқ.
«Жетісу» бүгін «Атырау» клубын тағы да 3:0 (25:20, 25:23, 26:24) есебімен жеңді.
«Ақтөбе» мен «Жайық» (Орал) арасындағы екінші жартылай финалдық матч аса тартысты өтті.
Алаң иелері бірінші партияда 26:24 есебімен басымдылық танытты. Бұдан кейін оралдықтар қатарынан екі сетті алды — 25:20, 25:22. Дегенмен ақтөбеліктер өз мүмкіндігін жіберген жоқ — 25:18, 15:9. Қорытынды есеп — 3:2.
Осылайша, «Жетісу» мен «Ақтөбе» (бас бапкері Сергей Трикоз) чемпиондық атақты сарапқа салады.
Өткен жылғы чемпион «Жайық» пен «Атырау» қола жүлде үшін алаңға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан финалдық кезеңде «Ақтөбенің» камбэкпен «Жайықты» жеңгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).