Волейболдан финалдық кезең: «Ақтөбе» камбэкпен «Жайықты» жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының алғашқы жартылай финалдық кездесулері аяқталды.
Сергей Трикоз жаттықтыратын алаң иелері жартылай финалда өткен жылғы ел чемпионы «Жайықпен» шеберлік байқасты. Бірінші партияда оралдық Виктор Козиктің шәкірттері 25:22 есебімен басымдылық танытты.
Аса тартысты өткен екінші сетте ақтөбеліктер есе қайырды – 29:27. Одан кейін де сол қарқындарынан танған жоқ – 25:20. Төртінші партияда есеп 24:21 болғанда, оралдықтар таразы басын теңестіре білді. Бірақ одан әріге шамалары жетпеді – 26:28. Қорытынды есеп – 3:1, «Ақтөбенің» пайдасында.
Марат Адрышев баптайтын «Жетісу» клубы «Атыраудан» (бас жаттықтырушы Игорь Никольченко) 3:0 (25:23, 25:22, 25:23) есебімен айласын асырды.
Ертең командалар екінші жартылай финалдық бәсекелерін өткізеді. Онда «Ақтөбе» мен «Жетісу» жеңсе, финалға жолдама алады. «Жайық» пен «Атырау» қарымта қайырса, үшінші матч ойналады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бүгін волейболдан Қазақстан чемпионатының шешуші ойындары басталатынын жазған болатынбыз.