ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорғанда волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының үшінші турында жергілікті «Жетісу» Алматының «Буревестнигімен» шеберлік байқасты.
Осыған дейін өз алаңында өткен жылғы ел чемпионы «Тараз» бен күміс жүлдегер «Павлодарды» 3:2 есебімен тізе бүктірген Марат Адрышевтің шәкірттері алматылықтармен ойында есе жібереміз деп ойламаған шығар.
Алайда Игорь Никольченко жаттықтыратын алматылықтар 3:1 (25:19, 25:23, 22:25, 25:21) есебімен жеңіп кетті.
«Жетісу» 28 ұпаймен үшінші сатыда қалғанымен, «Буревестник» (27 ұпай) оған жақындай түсті.
Ал павлодарлықтар «Тараздан» 3:0 (25:19, 25:23, 25:18) есебімен басым түсіп, 26 ұпаймен бесінші орынды нық ұстап тұр.
Командалар жұма күні демалып, сенбіде бәсекені жалғастырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақтөбенің» тартысты матчта «Атырауды» ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ «Атырауды» жеңген «Жайық» ұпай санын 40-қа жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).