Волейболдан Азия чемпиондар лигасы: «Жетісу» қола жүлде үшін таласады

АСТАНА. KAZINFORM — Тайландта волейболдан әйелдер командалары арасындағы Азия чемпиондар лигасында Талдықорғанның «Жетісуы» жартылай финалдық кездесуін өткізді.

Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Биыл оныншы рет Қазақстан чемпионы атанған талдықорғандықтар жапониялық «НЕК Ред Рокетс» клубымен финал жолдамасын сарапқа салды.

Алғашқы екі партияда жапониялық волейболшылар басымдылық танытты — 25:18, 25:20.

Үшінші сетте Марко Гршичтің шәкірттері есе қайырды — 26:24. Алайда ізінше жапониялық клуб матчты жеңіспен түйіндеді — 25:22. Қорытынды есеп — 3:1.

Жапониялықтар эйс жасаудан үздік болса, қазақстандықтар тосқауыл қоюдан жақсы нәтиже көрсетті.

Осылайша, «НЕК Ред Рокетс» клубы финалға шықса, «Жетісу» қола жүлде үшін таласатын болды. Талдықорғандықтардың қарсыласы кейін анықталады. 

Сөйтіп, «Жетісу» өткен жылғы чемпиондық атағын қорғай алмады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Жетісу» клубының Азия чемпиондар лигасының жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.