ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының екінші турында «Ақтөбе» мен ел чемпионы «Тараз» алаңға шықты.
Осыған дейін қатарынан екі рет жеңіске жеткен ақтөбеліктер (бас бапкері Сергей Трикоз) тараздықтарды тықсыра білді.
Бастапқы екі партия 25:21, 25:19 есебімен «Ақтөбенің» пайдасына шешілді. Үшінші сетте Юрий Башкатовтың шәкірттері бет қаратпады – 25:15. Алайда олар осы қарқынын жалғастыра алмады – 22:25. Қорытынды есеп – 3:1, «Ақтөбенің» пайдасында.
Сөйтіп ақтөбеліктер 26 ұпай жинап, турнир кестесінде «Жетісуды» ығыстырып, екінші орынға көтерілді. Оралдың «Жайығы» бұрынғыша көш басында.
Екінші турдың қорытындысы бойынша «Ақтөбеден» ресейлік Кирилл Костыленко, «Тараздан» қазақстандық Денис Ещенко үздік ойыншы атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел чемпионатында «Ақтөбенің» вице-чемпионды тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.
Cондай-ақ «Атырау» волейбол клубы екінші турды жеңіспен аяқтады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).