ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының төртінші туры барысында плей-офф сатысына жолдама алғандар анықталды.
Осыған дейін жеті команда өз міндетін шешіп қойған еді.
Соңғы, сегізінші жолдамаға «Алтай» (Өскемен) мен «Айқаракөз» (Талдықорған) клубтары таласты.
Негізінен жастардан құралған «Алтай» талдықорғандықтарды 3:1 (25:18, 23:25, 25:18, 25:22) есебімен ұтып, 10 ұпаймен 8-сатыға орнықты.
Көш соңында қалған «Айқаракөздің» есебінде 5-ақ қана ұпай бар.
«Ертісті» 3:0 (25:18, 25:19, 25:16) есебімен жеңген «Қуаныш» (СҚО) турнир кестесінде 60 ұпаймен жеке-дара көш бастап келеді.
«Қарағандыны» 3:0 (25:14, 25:17, 25:12) есебімен қапы қалдырған «Берел» (Өскемен) 53 ұпаймен екінші орында.
«Алматыны» 3:0 (25:13, 25:14, 25:13) есебімен ойсырата ұтқан «Тұран» (Түркістан) 52 ұпаймен үздік үштікте.
27 ақпан, сейсенбі күнгі соңғы ойындарда плей-офф кезеңіне шыққан командалардың кімдермен кездесетіні толық белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ел біріншілігінде Өскеменнің «Берелі» «Алматыны» тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).