Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Атырау» клубы жеңіс сериясын алты матчқа жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты алтыншы турының бәсекелері аяқталды.

Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Орталық матч Талдықорғанда Қазақстан чемпионы «Жетісу» мен «Атырау» клубы арасында болды.

Бірінші бәсекеде атыраулықтар Марат Адрышевтің шәкірттерін 3:1 есебімен ұтқан еді.

Жұма күнгі екінші ойында да Игорь Никольченко жаттықтыратын атыраулықтар дес бермеді – 3:0 (26:24, 25:22, 32:30).

Осылайша, жеңіс сериясын алты матчқа жеткізген «Атырау» 23 ұпаймен көш басындағы Алматының «Буревестнигіне» (25 ұпай) жақындады.

Өз алаңында СҚО-ның «Қуанышын» 3:0 (25:19, 26:24, 25:23) есебімен ұтқан Көкшетаудың «Оқжетпесі» 22 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Таразда екінші кездесуінде жергілікті клубты 3:0 (25:22, 26:24, 27:25) есебімен қапы қалдырған Оралдың «Жайығы» 17 ұпай жинап, ақтөбеліктермен төртінші-бесінші орынды бөлісуде. Дегенмен оралдықтар қарсыластарына қарағанда, екі, тіпті төрт ойынды кем өткізді.

Жетінші тур ойындары 8-9 желтоқсанда өтеді. Атыраулықтар «Жайықты», «Жетісу» Талдықорғанда «Қуанышты», «Тараз» «Оқжетпесті», «Буревестник» Алматыда «Ақтөбені» қабылдайды. Өскеменнің «Берелі» жетінші турға қатыспайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Буревестник» клубы «Таразды» тізе бүктіргенін жазған едік.

Cондай-ақ Оралдың «Жайығы» қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізді.