Талдықорғанда Қазақстан чемпионы әрі суперкубок иегері «Жетісу» мен Өскеменнің «Берелі» екінші ойынын өткізді.
Кешегі кездесу тартысты өтіп, онда қонақтар 3:2 есебімен жеңген еді.
Бұл жолы түркиялық маман Халук Коркмаз баптайтын өскемендіктер айқын басымдылық танытты — 3:0 (25:22, 25:12, 25:21).
Осылайша, «Жетісуды» өз алаңында екі рет қапы қалдырып, ұпай санын 23-ке жеткізген «Берел» басқалардан ұзай түсті.
Екінші орындағы «Қуаныш» (СҚО) өз алаңында Түркістанның «Тұранын» екінші рет ұтты. Бұл жолы 3:0 (25:17, 25:15, 25:21) есебі тіркелді.
Алматының «Буревестнигі» Қарағандыда жергілікті клубтан есе қайырды — 3:1 (26:24, 25:20, 20:25, 25:21).
Павлодарда «Ертіс» ақтөбеліктерден тағы үш ұпай алды — 3:0 (25:19, 25:23, 25:21).
Келесі тур ойындары 28-29 қарашада өтеді. Онда орталық матчта «Берел» Өскеменде «Қуанышты» қабылдайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Берелдің» Талдықорғанда «Жетісудан» басым түскенін жазған едік.