Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Берел» Талдықорғанда «Жетісудан» басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында төртінші тур ойындары өтіп жатыр.
Талдықорғанда Қазақстан чемпионы, суперкубок иегері «Жетісу» клубы (бас бапкері, сербиялық Марко Гршич) өткен біріншілікте төртінші орынға табан тіреген Өскеменнің «Берелін» қабылдады.
Аса тартысты өткен ойында түркиялық Халук Коркмаздың шәкірттері 3:2 (25:19, 21:25, 23:25, 25:23, 15:13) есебімен «Жетісуды» тізе бүктірді.
Осылайша, талдықорғандықтар жаңа маусымда екінші рет жеңіліс тапты. Бұған дейін «Жетісу» өз алаңында күміс жүлдегер «Қуанышқа» (СҚО) есе жіберген еді.
Солтүстікқазақстандықтар Петропавлда қола жүлдегер «Тұран» (Түркістан) командасынан 3:1 (25:21, 25:17. 21:25, 25:17) есебімен айласын асырды.
«Қарағанды» өз алаңында Алматының «Буревестнигін» 3:0 (25:13, 25:21, 25:22) есебімен қапы қалдырса, «Ертіс» Павлодарда «Ақтөбені» жеңді — 3:0 (25:17, 25:10, 25:16).
Ертең командалар өзара екінші кездесуін өткізеді.
Турнир кестесінде «Берел» 20 ұпаймен бірінші орында тұрса, одан кейін «Қуаныш» пен «Жетісу» құйрық тістесіп келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында Өскеменнің «Берел» командасы көш бастағанын жазған едік.