Волейболдан Қазақстан чемпионатында Өскеменнің «Берел» командасы көш бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары аяқталды.
Бұған дейін Қазақстан чемпионы, суперкубок иегері «Жетісу» командасы Талдықорғанда күміс жүлдегер «Қуанышпен» (СҚО) ұпай бөліскен еді.
Биыл қола медаль үшін бәсекеде Түркістанның «Тұранынан» ұтылып, төртінші орынға табан тіреген Өскеменнің «Берелі» Ақтөбеде жергілікті клубпен қос матч өткізді.
Түркиялық маман Халук Коркмаз жаттықтыратын өскемендік қыздар 3:0 (25:22, 25:23, 25:21) және 3:0 (25:18, 25:15, 25:18) есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, «Берел» үш турдан кейін 18 ұпай жинап, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.
«Қарағанды» Теміртау қаласында бірінші ойында сенсация жасап, Қазақстан кубогының иегері «Тұранды» 3:1 (25:17, 22:25, 25:20, 25:19) есебімен ұтты. Есесіне екінші кездесуде түркістандықтар қарымта қайырды – 3:0 (25:18, 25:22, 25:19).
«Ертіс» Павлодарда әлдеқайда тәжірибелі «Буревестник» (Алматы) командасынан 0:3 (20:25, 21:25, 26:28) және 1:3 (14:25, 25:20, 9:25, 22:25) есебімен жеңіліп қалды.
Енді 14-15 қарашада орталық екі матч Талдықорғанда «Жетісу» мен «Берел» арасында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында үш бірдей команданың жеңіліссіз келе жатқанын жазған едік.
Сондай-ақ «Жетісу» Талдықорғанда «Қуаныш» командасымен ұпай бөлісті.