Волейболдан Қазақстан чемпионатында үш бірдей команда жеңіліссіз келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында екінші турдың ойындары мәресіне жетті.
Ел чемпионы әрі суперкубок иегері «Жетісу» командасы Түркістанда «Тұранды» екі рет ұтты.

Волейболдан Қазақстан чемпионатында үш бірдей команда жеңіліссіз келеді
Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Талдықорғандықтар алдымен алаң иелерін айқын басымдылықпен жеңді — 3:0 (25:17, 25:14, 25:11). Жұма күнгі екінші ойын сәл тартыстылау өрбіп, 3:1 (25:10, 20:25, 25:13, 25:19) есебі тіркелді.

Сондай-ақ Өскеменнің «Берелі» өз алаңында екі матчта да қарағандылықтарға еш мүмкіндік қалдырмады — 3:0 (25:11, 25:11, 25:12), 3:0 (25:17, 25:17, 25:15).

Сол секілді «Қуаныш» Петропавлда Павлодардың «Ертісінен» 3:1 (25:18, 22:25, 25:22, 25:17) және 3:0 (25:18, 25:19, 25:9) есебімен басым түсті.
Қазіргі кезде турнир кестесінде «Жетісу», «Берел» және «Қуаныш» командалары 12 ұпаймен құйрық тістесіп келеді.

Алматының «Буревестнигі» өз алаңында ақтөбеліктерді 3:0 (25:21, 25:10, 25:13) және 3:0 (25:22, 25:19, 25:19) есебімен тізе бүктіріп, алғашқы алты ұпайына қол жеткізді. 

Келесі турда «Жетісу» өз алаңында 27-28 қазан күндері «Қуанышты» қабылдайды. Бұл бәсекелер көш басындағы қос команда үшін де маңызды болмақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионаты алғашқы турының ойындары аяқталғанын жазған едік.