Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Павлодар» «Жайықты» екінші рет ұтты
ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында өтіп жатқан волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының үшінші турында жергілікті «Жайық» «Павлодармен» кездесті.
Осыған дейін оралдықтар (бас бапкері Виктор Козик) Игорь Никольченко жаттықтыратын ел чемпионы «Павлодарға» 1:3 есебімен жол берген еді.
Бұл ойын екінші турдан кейінге қалдырылып, Оралда өткен болатын.
Бүгін екінші матч та тартысты өтіп, павлодарлықтар 3:1 (22:25, 26:24, 25:20, 29:27) есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, ұпай санын 44-ке жеткізген «Павлодар» клубы турнир кестесінде екінші орындағы «Жайық» пен «Тараздан» (бұл екі командада 30 ұпайдан бар) едәуір ұзап кетті.
«Атырауды» 3:1 (25:23, 26:28, 25:16, 25:23) есебімен тізе бүктірген «Есілдің» (СҚО) еншісінде 27 ұпай бар.
«Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 (26:24, 25:21, 25:23) есебімен ұтқан «Буревестник» (Алматы) 24 ұпаймен бесінші орында келеді.
«Жетісу жастарын» 3:1 (23:25, 25:21, 26:24, 25:18) есебімен сүріндірген «Ақтөбе» алтыншы сатыда тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Есілдің» көш соңындағы командаға есе жібергенін жазған болатынбыз.