Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Есіл» көш соңындағы командаға есе жіберді

Есіл
Фото: olympic.kz

Оралда өтіп жатқан волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының үшінші турында күтпеген нәтиже тіркелді, деп хабарлайды Kazinform.

Осыған дейін үшінші тур аясында жеңіліссіз келе жатқан «Есіл» (СҚО) көш соңындағы «Ұшқын-Көкшетаудан» ұтылып қалды.

Бұдан бұрын солтүстікқазақстандықтар «Атырау» мен «Таразды» 3:2, «Ақтөбені» 3:0 есебімен жеңіп, 24 ұпаймен төртінші орынға табан тіреген еді.

Бүгін аса тартысты өткен матчта «Есіл» көкшетаулықтарға 2:3 (33:31, 21:25, 28:26, 20:25, 8:16) есебімен есе жіберді. Дегенмен «Ұшқын-Көкшетауда» небәрі 7 ұпай бар, оның плей-офқа шығуға мүмкіндік беретін үздік сегіздікке ілігуі қиын.

Ел чемпионы «Павлодар» бүгін «Атырауды» 3:0 (27:25, 25:17, 25:20) есебімен тізе бүктіріп, 41 ұпаймен басқалардан қара үзіп кетті.

Алдағы аптаның орталық кездесуінде «Павлодар» мен «Жайық» (Орал) командалары шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында «Тараздың» қатарынан екінші рет жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар
telegram