Талдықорғандықтар биыл өз тарихында оныншы рет ел чемпионы атанса, солтүстікқазақстандықтар күміс жүлдені қанағат тұтқан еді.
Бұл жолы бірінші ойында сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» 3:0 (25:23, 25:19, 25:18) есебімен жеңіске жетті.
Екінші кездесуде алғашқы екі партияны «Қуаныш» (бас бапкері — түркиялық Саим Паккан) өз есебіне жазды — 25:5, 26:24. Дегенмен бұдан кейін алаң иелері таразы басын теңестірді — 25:22, 25:14. Әйтсе де шешуші, бесінші сет қонақтардың еншісінде кетті — 16:14. Қорытынды есеп — 3:2, «Қуаныштың» пайдасында.
Осылайша, қос команда бір-бір жеңісті қанағат тұтты.
Қазіргі кезде турнир кестесінде «Жетісу» 16 ұпаймен көш бастаса, «Қуаныш» (14 ұпай) екінші орында.
Әзірге жеңілістің ащы дәмін татпаған Өскеменнің «Берелі» (12 ұпай) үздік үштікті түйіндеп тұр. Егер 31 қазан және 1 қараша күнгі жалғасатын үшінші турда өскемендіктер Ақтөбеде жергілікті команданы екі рет қапы қалдырса, көш басына шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионатында үш бірдей команда жеңіліссіз келе жатқанын жазған едік.