Оралда волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының үшінші туры жалғасып жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл жолы «Тараз» бен «Буревестник» (Алматы) арасындағы ойын аса тартысты болды.
Алматылықтар 3:2 (27:25, 21:25, 25:22, 22:25, 15:11) есебімен жеңіске жеткенімен, 18 ұпаймен бұрынғыша бесінші орында қалды.
Ел чемпионы «Павлодар» «Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 (25:11, 25:17, 25:23) есебімен оңай ұтып, ұпай санын 38-ге жеткізді. «Жайық» «Атырауды» 3:0 (25:23, 25:20, 25:11) есебімен тізе бүктіріп, 30 ұпаймен екінші орынға түсті.
Төртінші сатыдағы «Есіл» (СҚО) «Ақтөбені» қапы қалдырды - 3:0 (25:14, 31:29, 25:14).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан чемпионатында «Жайықтың» екінші орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).