Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жайық» екінші орынға көтерілді
Волейболдан ерлердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатында Оралдың «Жайығы» екінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Kazinform.
Оралдағы «Орал» спорт кешенінде өтіп жатқан үшінші тур ойындарында Виктор Козик жаттықтыратын батысқазақстандықтар «Ұшқын-Көкшетау» командасынан 3:0 (25:17, 25:23, 25:18) есебімен басым түсті.
Бұған дейін екінші сатыда келе жатқан «Тараз» тартысты матчта «Есілге» (СҚО) есе жіберді – 2:3 (25:27, 21:25, 25:23, 25:22, 11:15).
Осылайша, «Жайық» пен «Тараз» 27 ұпайдан жинап, доп айырмашылығы бойынша оралдықтар екінші сатыға шықты.
«Ақтөбені» 3:0 (25:23, 25:22, 25:19) есебімен тізе бүктірген «Павлодар» 35 ұпаймен бұрынғыша көш бастап келеді.
«Буревестник» (Алматы) «Жетісу жастарын» 3:0 (27:25, 25:23, 25:19) есебімен қапы қалдырды. 20 ұпайы бар солтүстікқазақстандықтар үздік төрттікке кірсе, алматылықтар (16 ұпай) бесінші орында тұр.
Үшінші тур бәсекелері одан әрі жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда волейболдан ерлер арасында Ұлттық ойындары өтіп жатқанын жазған болатынбыз.