ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің Ұлттық лига командалары арасында ХХХІІ Қазақстан чемпионатының төртінші турында Түркістанның «Тұраны» «Жетісу» командасымен шеберлік байқасты.
Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» осы тур барысында қатарынан екі рет жеңіске жетіп, турнир кестесінде үшінші сатыға көтерілген еді.
Бұл жолы «Жетісу» клубына Асқар Шалқыбековтің шәкірттері кедергі қойды. Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова бастаған түркістандық қыздар аса тартысты матчта азулы қарсыласын 3:2 (22:25, 25:22, 27:25, 21:25, 15:13) есебімен тізе бүктірді.
Осы ойыннан кейін 49 ұпай жинаған «Тұран» бұрынғыша екінші орынды ұстап тұр.
Плей-офф бәсекесіне 8 команда жолдама алатынын ескерсек, «Қуаныш» (СҚО), «Тұран», «Жетісу», «Берел» (ШҚО), «Алматы» және «Ертіс» (Павлодар) командалары бұл мәселені шешіп қойды. Қалған екі орынға «Қарағанды», «Алтай» (ШҚО) және «Айқаракөз» (Талдықорған) таласуда. Бүгін қарағандылықтар «Айқаракөзді» 3:1 (23:25, 25:17, 25:23, 25:22) жеңіп, 12 ұпаймен 7-сатыға орныға түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан ҚР чемпионатында «Жетісу» қатарынан екінші рет жеңіске қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).