Волейболдан Қазақстан чемпионатында үш бірдей команда жеңіліссіз келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында екінші турдың ойындары мәресіне жетті. Ел чемпионы әрі суперкубок иегері «Жетісу» командасы Түркістанда «Тұранды» екі рет ұтты.

Фото: Қазақстан волейбол федерациясы

Талдықорғандықтар алдымен алаң иелерін айқын басымдылықпен жеңді — 3:0 (25:17, 25:14, 25:11). Жұма күнгі екінші ойын сәл тартыстылау өрбіп, 3:1 (25:10, 20:25, 25:13, 25:19) есебі тіркелді.

Сондай-ақ Өскеменнің «Берелі» өз алаңында екі матчта да қарағандылықтарға еш мүмкіндік қалдырмады — 3:0 (25:11, 25:11, 25:12), 3:0 (25:17, 25:17, 25:15).

Сол секілді «Қуаныш» Петропавлда Павлодардың «Ертісінен» 3:1 (25:18, 22:25, 25:22, 25:17) және 3:0 (25:18, 25:19, 25:9) есебімен басым түсті.
Қазіргі кезде турнир кестесінде «Жетісу», «Берел» және «Қуаныш» командалары 12 ұпаймен құйрық тістесіп келеді.

Алматының «Буревестнигі» өз алаңында ақтөбеліктерді 3:0 (25:21, 25:10, 25:13) және 3:0 (25:22, 25:19, 25:19) есебімен тізе бүктіріп, алғашқы алты ұпайына қол жеткізді. 

Келесі турда «Жетісу» өз алаңында 27-28 қазан күндері «Қуанышты» қабылдайды. Бұл бәсекелер көш басындағы қос команда үшін де маңызды болмақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Қазақстан чемпионаты алғашқы турының ойындары аяқталғанын жазған едік.