АСТАНА. KAZINFORM – Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының үшінші турында орталық матч «Берел» (Өскемен) мен «Жетісу» (Талдықорған) арасында болды.
Осыған дейін Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын өскемендіктер жеңіс саны (19) жөнінен алда тұрса, 18 ойында ұтқан Марко Гршичтің шәкірттері ұпайды ең көп (56) жинаған команда еді.
Талдықорғандықтар кездесуді сәтті бастады – 25:23. Олар екінші кезеңде 24:21 есебімен алда тұрды. Бірақ сол мүмкіндіктерін пайдалана алмай, есе жіберіп қойды – 26:28.
Үшінші сетті өскемендіктер өз есебіне жазды – 25:23.
Төртінші кезеңде «Жетісу» таразы басын аударды – 26:24.
Содан кейін бесінші партияда дес берген жоқ – 15:9.
Жалпы есеп – 3:2, талдықорғандықтардың пайдасында.
«Жетісудан» Карина Денисова, «Берелден» Кристина Белова үшінші турдың үздік ойыншысы атанды.
Осылайша, жеңіс санын 19-ға жеткізіп, 58 ұпай жинаған талдықорғандықтар турнир кестесінде көш бастады.
Өскемендіктер 55 ұпаймен екінші орында қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан «Тұран» командасының үшінші турды төртінші орынмен аяқтағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).