АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістанның Исламабад қаласында волейболдан ерлер командалары арасында Орталық Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін өткізді.
Сергей Трикоз жаттықтыратын қазақстандықтар Непалмен матчта табандылық танытып, жеңісті жұлып алды.
Қазақстан командасы бастапқы екі партияда 25:19, 25:21 есебімен басымдылық танытты.
Үшінші сетте қазақстандықтар бірнеше матчболды пайдалана алмады — 32:34. Төртінші партия Непалдың еншісіне жазылды — 25:19. Дегенмен шешуші, бесінші сетте қазақстандық ойыншылар мүмкіндігін жіберген жоқ — 15:9.
Қазақстан волейбол федерациясынан мәлім еткеніндей, Ауғанстан құрамасының қатыспауына байланысты жарыс кестесіне өзгерістер енгізілді.
Осылайша, 23 шілдеде Қазақстан Өзбекстанмен, 24-інде Бангладешпен, 26-сында Шри-Ланкамен, 27-сінде Пәкстанмен алаңға шығады.
Турнир регламентіне сәйкес алты команданың төртеуі жартылай финалға шығып, чемпионат жүлделерін сарапқа салады.
Еске салайық, бұдан бұрын волейболдан Орталық Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).