Волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу жөніндегі қағидалар жаңартылмақ

Фото: Фото: ШҚО ақпарат орталығы

АСТАНА. KAZINFORM – Волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу жөніндегі қағидалар жаңартылмақ. Мәдениет және ақпарат министрінің тиісті бұйрығы Электронды нысандағы нормативтік құқықтық актілердің эталонды бақылау банкінде жария етілді.

Жаңартылған қағидаларға сәйкес, волонтерлік қызметті есепке алу тізілімін жүргізу тәртібі мынадай:

- уәкілетті орган тізілімді осы қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қазақ және орыс тілдерінде жүргізеді;

- тізілімге қосу үшін волонтерлер, волонтерлер топтары, волонтерлік ұйымдар, волонтерлерді үйлестіруші мен волонтерлік қызметті ұйымдастырушылар (бұдан әрі – арыз иесі) осы қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қазақ және орыс тілдерінде тізілім мен сауалнамаға қосу туралы арызды volunteer@mki.gov.kz электрондық поштаға жібереді;

- арыз иесінің қызметі туралы мәліметтерді алған кезде уәкілетті органның қызметкері өтініштер мен сауалнамаларды толтырудың толықтығы тұрғысынан қарайды;

- уәкілетті органның қызметкері арыз иесі туралы мәліметтер тізілімге келіп түскен кезде оларды 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды. Арыз иесі өз қызметі туралы ұсынған мәліметтердің толықтығы анықталған кезде уәкілетті органның қызметкері арыз келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде оларды пысықтауға жібереді. Арыз иесі 3 (үш) жұмыс күні ішінде өз қызметі туралы мәліметтерді пысықтайды және volunteer@mki.gov.kz электрондық поштаға тізілімге қосу үшін қайта жібереді;

- пысықталған өтінім осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген мерзімдерде ұсынылмаған жағдайда уәкілетті орган арыз иесін тіркеуден бас тартады;

- мәліметтерді тізілімге қосу немесе бас тарту арыз иесіне электрондық поштаға хабарлама арқылы ресімделеді;

- волонтерлік қызметті тоқтату арыз иесінің бастамасы бойынша шешім қабылданған кезден бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде volunteer@mki.gov.kz электрондық поштасына еркін нысандағы хабарлама негізінде жүзеге асырылады, бұл туралы тізілімде белгі жасалады.

Тазалық сақтаудағы волонтерлер рөлі туралы жазған болатынбыз.