Тазалық сақтаудағы волонтерлер рөлі қандай

АСТАНА. KAZINFORM – Қаланың тазалығын сақтау – әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Бұл іске белсенді араласып жүрген волонтерлердің еңбегі ерекше. Олардың күш-жігері мен ынтасының арқасында көшелер таза, саябақтар жинақы, ал тұрғындар арасында экологиялық мәдениет қалыптасуда. Қоғамның тазалығына үлес қосқан волонтерлердің рөлі қандай және олардың бастамалары қоғамға қалай әсер етеді? Еліміздің әр қаласындағы белсенді волонтерлер Jibek joly телеарнасының «Таза қала» тележобасына сұхбат берген еді.

Волонтер
Фото: Kazinform
Актау
Фото: Kazinform

 

Ақтау қаласында Каспий теңізінің өзінен жылына 200 тоннаға жуық қоқыс, ал жағажайынан – 500 тоннаға жуық қоқыс шығарылады. Бұл жұмыстар көктемде басталып, күзге дейін жалғасады. Белсенділер демалушылардан қалған қалдықтармен қатар, арам шөптерді де отайды.

«Теңіз жағалауына келген демалушылар өзімен бірге тамақ әкеледі, одан қоқыс пайда болады. Осы бағдарламаны пайдаланып, әрбір тұрғынына айтарымыз, табиғатымызды аялайық, жаратқанның берген сыйын бағалайық, әр азамат өз қоқысын ұқыптылықпен жинап кетсе деген ұсыныс бар», - дейді сенбілікті ұйымдастырушы Роза Мұғалова.

Jibek Joly телеарнасы
Фото: Jibek Joly телеарнасы\видеодан алынған кадр

 

Ал Атырауда «Энертинс» волонтерлік ұйымын ашқан 80-ге жуық оқушы сабақтан бос уақытта қаланы қоқыстан тазартады. Аптаның жеті күнінде тоқтамай қалдықтарды жинайтын шараларды да ұйымдастырады. Сексенге жуық белсенді қазір бір ойдың аясында жинақталған.

«Қоқыс жинау арқылы біріншіден қаланы жақсартамыз. «Атырау лас қала» деп басқа қалаға кетудің орнына, неге жақсартпасқа, басқа қалалармен теңестірмеске деген ойға келіп, соның негізінде волонтерлікпен айналысып жүрміз», - дейді волонтер Аяулым Нұрлан.

экология
Фото: Jibek Joly телеарнасы\видеодан алынған кадр

 

Орал қаласында «Таза Қазақастан» бағдарламасы аясында арнайы қоғамдық көлік өз жұмысын бастады. Жергілікті билік қала көшелерін тазарту үшін бір күнді белгілеудің қажеті жоқ дейді. Сондықтан арнайы топ құрып, көлік әзірлеп, шаһарды қоқыстан тазартады.

Тұрғындар кез келген уақытта «Таза Қазақстан» көлігіндегі белсенділерге хабарласып, тазартуды қажет ететін тұстарды айтады. Тер төгіп жүргендердің қатарында белгілі өнер иелері де бар. Олар аумақты тазалап қана қоймай, әлеуметтік желіде жүздеген миллион қаралым жинаған әндерді айтып, түрлі көңілді шараларды ұйымдастырады.

«Бұл қаланың, мемлекеттің ғана емес, табиғаттың алдындағы парыз. Соны орындау керек», - дейді танымал әнші Жандәурен Абылаев.

Петропавлдағы «Мещан орманы» аумағында тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған өзгеше шаралар өтеді. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында басталған «Clear Fest» фестиваліне әрдайым жүзден аса белсенді қатысады, олардың басым бөлігі жастар.

волонтер
Фото: Jibek Joly телеарнасы\видеодан алынған кадр

Өңірде еріктілер, экобелсенділер қатары көп. Барлығы дерлік Петропавлды таза қалпында ұстап тұруға атсалысқысы келеді.

«Мұнда қызық көп. Қайың томарлары мен көлік дөңгелектерінің түр-түрі жиналып жатыр. Естеріңізде болса, биыл өңірімізді су басты. Су тасқыны кезінде дөңгелектердің келгені былай тұрсын, жылыжайлардан есіктер, қақпалар жүзіп келді. Бұл қоқыстарды әлі күнге дейін тазалап жатырмыз», - дейді ұйымдастырушы Жұлдыз Тоқтарғазы.

Өскемендік Елена Березинская апта сайын қала көшелері мен тұрғындар тынығатын орындардың қоқысын жинаумен ерікті түрде айналысады. Оған ниеттес, пікірлес экобелсенділер көмектеседі. Әрбір шарада арнайы ала шыққан қаптары жетпей қалады екен. Кейде жұмыстар кешке дейін жалғасады.

экология
Фото: Jibek Joly телеарнасы\видеодан алынған кадр

 

Ертіс пен Үлбінің қиылысқан тұсында орналасқан қалада әлбетте су тазалығы да баста назарда болуы керек. Қаланың орталығында кезіктірмеген қоқыс аралдарының орнын Елена көрсетіп берді.

«Мұндай рейдтерді тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Өткен жылы еріктілер саны бойынша рекорд орнаттық. Облыстық экология департаментімен бірлесіп, 3 мыңнан астам ерікті жинадық. Шамамен 6 „КамАз“ қоқыс шығардық. Әсіресе, су бетіндегі қоқысты жинау қиын. Кейде толқынға ілесіп, жағаға үйіліп қалады», — дейді экобелсенді.

экология
Фото: Jibek Joly телеарнасы\видеодан алынған кадр

 

Айта кетейік, маусым айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek joly телеарнасы «Таза қала» ауқымды тележобасын қолға алған еді. Түсірілім тобы Қазақстанның облыс орталықтары мен мегаполистерін түгел аралап, қалалардың тазалығы мен көркі туралы әңгімеледі.

Жарты жылда журналистер 30 мың шақырым жол жүріп, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын 200-ге тарта кейіпкермен тілдесті. «Таза қала» жобасының әр шығарылымында тілшілер жергілікті билік өкілдерімен сұхбаттасып, тәуелсіз эколог-сарапшылармен бірге өз бағаларын берді.

Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді. Бұл елді мекендер мен жалпы өңірлердің санитарлық тазалық, экологиялық тазалық, абаттандыру бойынша объективті рейтингін жасауға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар