Журналистердің сұрағына жауап берген ұйым басшысы қазіргі таңда допингке қарсы күресте бірқатар өзекті мәселе бар екенін айтты.
Оның сөзінше, кәмелетке толмаған спортшылар арасында тыйым салынған препараттарды қолдану, микродозалау және допинг қолданатын спортшылардың түрлі айла-тәсілдерді жетілдіруі – халықаралық жүйе үшін күрделі сын-қатерлердің бірі.
– Біздің алдымызда көптеген қиындық бар. Олардың қатарында кәмелетке толмаған спортшылар арасында допинг қолдану, микродозалау, сондай-ақ ереже бұзушылардың барған сайын күрделі әдістерді пайдалануы бар. Бұған қоса, кейбір өңірлерде допингке қарсы саясат жеткілікті деңгейде дамымаған немесе қолданыстағы талаптар толық орындалмайды, – деді Витольд Банька.
WADA президентінің айтуынша, әлем елдерінің допингке қарсы жүйесінің даму деңгейі әркелкі. Сондықтан ұйымның басты міндеттерінің бірі – барлық мемлекетте антидопингтік саясаттың бірізді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету.
Сонымен қатар ол допингке қарсы күресте тек заңбұзушылықтарды анықтап, спортшыларды жазалау жеткіліксіз екенін атап өтті. Бұл бағытта алдын алу, білім беру және жас спортшылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды.
– Біздің мақсатымыз – тек допинг қолданған спортшыларды анықтап, жазалау емес, оның алдын алу және спортшыларға қолдау көрсету. Әсіресе, жас спортшыларға өздерінің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігін түсіндіру қажет. Бұл олардың білместіктен допингке қатысты ережелерді бұзуына жол бермеуге көмектеседі, – деді WADA басшысы.
Бұған дейін Витольд Банька Астанада өткен WADA отырысының қорытындысын жариялаған еді.