Витольд Банька Астанада өткен WADA отырысының қорытындысын жариялады

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) Құрылтайшылар кеңесінің отырысы өтті. Халықаралық жиын қорытындысы бойынша өткен брифингте WADA президенті Витольд Банька қабылданған маңызды шешімдер мен Қазақстанның халықаралық спорттағы рөлі туралы пікір білдірді.

Витольд Банька Астанада өткен WADA отырысының қорытындысын жариялады
Фото: Kazinform

Оның айтуынша, екі күнге созылған жиындарда допингке қарсы күрестің өзекті мәселелері талқыланып, бірқатар маңызды шешім қабылданған.

– Атап айтқанда, 2031 жылдан кейін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің штаб-пәтері орналасатын қаланы анықтау бойынша тәуелсіз әрі ашық конкурстық іріктеу үдерісіне қатысты шешімдер қабылданды. Сонымен қатар 2028 жылы өтетін WADA президенті мен вице-президентін сайлауға арналған сайлау рәсімдері мен талаптарын қамтитын пакет мақұлданды, – деді Витольд Банька.

Бұдан бөлек, допингке қарсы қызметтің техникалық бағыттарына, тиісті хаттар мен құжаттарға қатысты мәселелер қаралған. Сондай-ақ агенттіктің Зияткерлік талдау және тергеу департаментінің жұмысын күшейту жолдары талқыланған.

WADA президенті допингке қарсы күресте білім беру бағытының маңызына да тоқталды. Оның сөзінше, бұл саланы дамыту үшін жаңа бастамалар қолға алынып, қаржыландыру көлемін арттыру мәселесіне назар аудару қажет.

Витольд Банька WADA-ның басқару құрылымы өзге халықаралық ұйымдардан ерекшеленетінін атап өтті.

Оның айтуынша, ұйымның Басқарма құрамының жартысын спорт қозғалысының өкілдері, негізінен халықаралық спорт федерацияларының президенттері құрайды. Ал екінші жартысы мемлекеттердің спорт министрлері мен үкімет өкілдерінен тұрады.

Сонымен қатар Басқарма құрамында спортшылар, ұлттық допингке қарсы ұйымдардың өкілдері және тәуелсіз мүшелер бар.

– WADA – бірегей ұйым. Біз спорт қозғалысы мен мемлекеттерді бір алаңға біріктіріп отырмыз. Осы екі тараптың өзара ынтымақтастығы допингке қарсы күрестің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады, – деді ол.

WADA президенті Астанада халықаралық деңгейдегі осындай жиындардың өтуі Қазақстанның спорт саласындағы беделін арттыруға ықпал ететінін айтты.

Оның сөзінше, отырысқа қатысқан көптеген халықаралық спорт федерацияларының президенттері Қазақстанға келіп, елдің қонақжайлығына жоғары баға берген.

Сондай-ақ ол Қазақстанның алдағы жылға арналған спорттық күнтізбесіне тоқталды. Витольд Баньканың айтуынша, келесі жылы елімізде шамамен жеті әлем чемпионатын өткізу жоспарланған.

– Бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды спорт орталығы ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді. Еліміз халықаралық деңгейдегі ірі жарыстар мен әлем чемпионаттарын өткізуге арналған маңызды хабқа айналып келеді. Қазақстанда осындай ауқымды спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан. Сондықтан мұның барлығы – өте жақсы жаңалық, – деп түйіндеді WADA президенті.

Айта кетейік , Астанада допингке қарсы агенттіктің маңызды отырыстары өтетінін жазғанбыз.