WBO Жәнібек Әлімханұлына қатысты ресми шешім шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты ресми шешімін жариялады, деп хабарлайды Sports.kz .

Фото: janibek_alimkhanuly/ instagram

WBO мәліметінше, ұйым Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тарту туралы өтінішін ресми түрде қабылдады.

– Комитет Жәнібек Әлімханұлының WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы титулынан өз еркімен бас тартуын ресми түрде қабылдайды. Уақытша чемпион Дензел Бентли толыққанды әлем чемпионы мәртебесіне көтеріліп, осы атаққа тиесілі барлық құқықтар мен міндеттерді иеленеді. Әлімханұлы бұған дейінгі тәртіптік шешімде көрсетілген барлық талаптарды орындады. Оның екінші орта салмақ дәрежесіндегі әлемдік рейтингке енгізу туралы өтініші WBO рейтинг комитетінің қарауына жолданды. Комитет бұрынғы чемпиондық мәртебесі мен жетістіктерін ескеруі мүмкін. Сонымен қатар ұйым Бентлидің алғашқы титулдық жекпе-жегі міндетті қорғаныс па, әлде ерікті қорғаныс бола ма, оны кейін анықтайды. Бұл шешім түпкілікті болып саналады және оған 14 күн ішінде жазбаша түрде шағым беруге болады, – делінген WBO мәлімдемесінде.

Сондай-ақ ұйым кубалық Йоэнли Эрнандесті орта салмақтағы міндетті үміткер деп жариялады.

Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауы 2025 жылғы 2 желтоқсанда басталған болатын. VADA ұйымы 15 қарашада алынған сынамадан тыйым салынған мельдоний препаратын анықтады. Соның салдарынан WBA чемпионы Эрисланди Ларамен жоспарланған біріктіруші жекпе-жек өтпей қалды.

Боксшы тыйым салынған препаратты әдейі қолданбағанын айтып, «Б» сынамасын ашуды талап етті. Алайда қаңтар айында бұл сынама да мельдонийдің бар екенін растады.

Командасының мәліметінше, 2025 жылғы 7 мамырда Жәнібек Әлімханұлы денсаулығына байланысты ем қабылдап, құрамында мельдоний бар «Рипронат» препаратын қолданған.

Қазақстан кәсіби бокс федерациясы спортшының әрекетін жеңіл дәрежедегі абайсыздық деп бағалап, оны 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап алты айға жарыстардан шеттеткен.

2026 жылғы наурызда IBF Әлімханұлын міндетті титул қорғауын өткізе алмағаны үшін орта салмақтағы чемпиондық белбеуінен айырған еді. Ал WBO оның чемпиондық атағын сақтап қалғанымен, 2026 жылдың желтоқсанына дейін жекпе-жек өткізуге тыйым салған болатын.