Жәнібек Әлімханұлы ресми түрде әлем чемпионы титулынан айырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық бокс федерациясы (IBF) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтағы әлем чемпионы титулын алып тастау туралы қатаң шешім қабылдады.
2026 жылғы 10 наурыз кешке IBF хатшылығынан Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясына ресми хабарлама келді. Хатта Әлімханұлының IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулынан айыратындығы айтылған.
— Бүгін бір сағат бұрын IBF шешімі келді. IBF ұйымының қатал ережелері бар, хатында соған сілтеме жасалған. Хатқа сәйкес, Жәнібек Әлімханұлы 2026 жылғы 2 желтоқсанға дейін шеттетіледі. Сондай-ақ, ережелер бойынша әрбір чемпион өз белбеуін тоғыз ай ішінде қорғауы тиіс, яғни Жәнібек оны 2026 жылғы 4 шілдеге дейін қорғауы қажет, — деді Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков.
Туындаған жағдайға байланысты 2026 жылғы 5 наурызда IBF Директорлар кеңесі чемпиондық титулды бос деп жариялау туралы шешім қабылдады. Ерденбеков хаттың скриншоттарын да көрсетті.


Сонымен қатар, Ерденбековтің айтуынша, Жәнібек апелляцияа тапсыра алады.
— Мен Федерация президенті ретінде бұл жағдай Жәнібектің командасына үлкен сабақ болды деп есептеймін. Дегенмен ол биылғы жылы рингке қайта оралып, бұрынғыдан да мықты болып, алдағы уақытта төрт әлемдік белбеудің барлығын жеңіп алады. Командасы да бұл іс бойынша апелляция береді, — деп түйіндеді Ерденбеков.
Бұған дейін Камил Гаджиев Жәнібек Әлімханұлының әлем чемпионы титулынан айрылуы мүмкін екенін айтып өткен болатын.
Айта кетейік, WBO ұйымы Әлімханұлының әлем чемпионы титулын сақтап қалды, бірақ оны бір жылға дисквалификациялады.