WhatsApp арқылы ақша табамын дегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін – ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM – WhatsApp мессенджерінде өз телефон нөміріне аккаунт ашып, оны басқа адамға ақылы түрде беруді ұсынатындар алаяқтық схеманың бір бөлігі болуы мүмкін. Қазақстан Ішкі істер министрлігі осындай жолмен табыс табудың қауіпті екенін және оның соңы қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Фото: Kazinform/ИИ

ІІМ мәліметінше, мұндай схемаларға «активаторлар» деп аталатын адамдар тартылады. Олар мессенджерлерде аккаунт ашып, кейін оған кіру мүмкіндігін үшінші тұлғаларға береді. Ал алаяқтар бұл аккаунттарды азаматтарға қоңырау шалу және өзге де заңсыз әрекеттер жасау үшін пайдаланады.

Сонымен қатар мұндай қосымша табыс табуға келіскен адам өзі тіркеген аккаунттың шын мәнінде қандай мақсатта қолданылатынын білмеуі мүмкін.

Бұған дейін министрлік мұндай заңсыз схемаларға кәмелетке толмаған жасөспірімдердің де тартылатынына назар аударған. Олар ақшалай сыйақы үшін SIM-карталарды белсендіреді және мессенджерлерде аккаунттар тіркейді. Кейін бұл аккаунттар қаскөйлердің қолына өтеді.

Министрлік өкілдерінің ескертуінше, мұндай әрекеттерге саналы түрде қатысу қылмысқа көмектесу ретінде бағалануы мүмкін.

Алаяқтық схеманың құрбаны немесе қатысушысы болып қалмау үшін полицейлер бірнеше қарапайым ережені сақтауға кеңес береді. Атап айтқанда, бейтаныс адамдар үшін мессенджерде аккаунт тіркемеу, жеке аккаунтқа кіру мүмкіндігін бөгде адамдарға бермеу және оңай ақша табуға уәде ететін күмәнді ұсыныстардан бас тарту қажет.

Сондай-ақ полиция ата-аналарға жасөспірімдерге ерекше назар аударуды ескертеді. Балаларға өз телефон нөміріне тіркелген аккаунттарды бөгде адамдарға берудің соңы елеулі құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндіру маңызды.

Бұған дейін WhatsApp пен Telegram алаяқтары адамдарды қалай арбауына түсіретінін жазғанбыз.