1-жағдай. Мөлшерлемесі әдеттен тыс жоғары депозит
Танымал Telegram-арнада хабарландыру пайда болады: белгілі банк кірістілігі нарықтағыдан әлдеқайда жоғары арнайы депозиттік бағдарлама іске қосыпты-мыс. Ұсыныс шектеулі уақыт қолданылады және клиенттердің белгілі бір тобына ғана қолжетімді.
Қызығушылық танытқан пайдаланушыға «жеке менеджермен» байланысу ұсынылады. Ол шарттар туралы егжей-тегжейлі айтып, банктің логотипін, құжаттардың фотосуреттерін, тіпті шартты да жібереді. Депозит ашу үшін тек көрсетілген деректемелер бойынша ақша аудару ғана қалады.
Қаражат түскеннен кейін «менеджер» жауап беруді тоқтатады, ал жаңа депозит туралы ақпаратты банктің өзінен анықтау мүмкін болмайды – мұндай бағдарлама жоқ.
Алаяқтар белгілі брендке деген сенімге және әдеттегіден жоғары табыс алуға деген ниетке сүйенеді. Бұл ретте жалған шарт пен банк логотипі ресми ұсыныс деген әсер қалдырады.
Алаяқтықты қалай анықтауға болады?
Депозиттік өнімдерді тек банктің ресми сайтында, оның мобильді қосымшасында немесе байланыс орталығы арқылы тексеріңіз. Белгісіз арналардағы сілтемелер арқылы депозит ашпаңыз және жеке тұлғалардың жеке шоттарына ақша аудармаңыз.
Егер сізге әдеттен тыс жоғары мөлшерлеме ұсынылып, оны алу үшін «менеджерге» ақшаны шұғыл аудару талап етілсе, тоқтаңыз және банкпен өзіңіз байланысыңыз.
2-жағдай. Кепілдендірілген пайдасы бар инвестициялар
Мессенджерге инвестициялық жобаға шақыру келеді. «Қаржы талдаушысы» акциялармен, облигациялармен сауда жасаудан немесе жасанды интеллектке негізделген арнайы платформаның жұмысынан тұрақты табыс уәде етеді.
Сендіру үшін әлеуетті инвесторға клиенттердің пікірлерін, сәтті мәмілелердің скриншоттарын және капиталдың өсуін бақылауға болатын жеке кабинетті көрсетеді.
Алдымен шағын сома салу ұсынылады. Мысалы, 100 мың теңге аударғаннан кейін бірнеше күннен соң экранда 130 мың көрсетіледі. «Талдаушы» алғашқы пайдамен құттықтап, одан да көп табыс табу үшін салымды ұлғайтуды ұсынады.
Алайда адам ақшасын шығарып алмақ болғанда, қиындықтар басталады. Комиссияны, салықты, сақтандыруды немесе «шотты растауды» төлеу қажет болып шығады. Бір төлемнен кейін келесісі талап етілуі мүмкін.
Шын мәнінде қаржы нарығында ешқандай сауда жүрмеуі мүмкін. Алаяқтар жалған жеке кабинеттегі сандарды жай ғана өзгертіп, сәтті инвестициялардың елесін жасайды.
Алаяқтықты қалай анықтауға болады?
Инвестициялар әрқашан тәуекелмен байланысты. Жоғары кепілдендірілген кірістілік туралы уәделер, әсіресе қысқа мерзімде, – сақтануға елеулі себеп. Заңды тұлғаны, қажетті лицензиялар мен рұқсаттардың бар-жоғын, сондай-ақ инвестициялық шарттың талаптарын тексеріңіз. Мессенджердегі пайда скриншоттары мен пікірлерге сенбеңіз: оларды қолдан жасау оңай.
3-жағдай. Криптовалюта және жабық Telegram-қауымдастықтар
Тағы бір кең таралған айла – жабық криптовалюта клубына шақыру. Ұйымдастырушылар «пайдалы сауда сигналдарына» қол жеткізуді, тәжірибелі трейдерлердің көмегін және капиталды тез арттыру мүмкіндігін уәде етеді. Арнада сәтті инвесторлардың оқиғалары, криптовалюталардың өсу графиктері және ірі табыстардың скриншоттары жарияланады. Қатысушыларды ашық дереккөздерде жоқ эксклюзивті ақпаратқа қол жеткізгеніне сендіреді.
Әрі қарай түрлі сценарийлер болуы мүмкін. Бір жағдайда адамға криптовалютаны мәмілелерді өз бетінше жүргізетін-мыс «басқарушының» әмиянына аудару ұсынылады. Екіншісінде – белгісіз криптоплатформада тіркеліп, балансты толтыру. Кейде алаяқтар әмиянға қол жеткізу мүмкіндігін беруді немесе оны қалпына келтіруге арналған құпия фразаны айтуды сұрайды.
Қаражатты алғаннан кейін қаскүнемдер жоғалып кетуі, пайдаланушыны бұғаттауы немесе қосымша төлемдерді талап етуді жалғастыруы мүмкін.
Мұндай схемалардың ерекшелігі – криптовалюталық аударымдарды, әдетте, операция расталғаннан кейін болдырмау мүмкін емес. Сондықтан алаяқтарға жіберілген активтерді қайтару аса қиын болады.
Алаяқтықты қалай анықтауға болады?
Жазылушылардың көп болуы, чаттағы белсенді талқылау және оң пікірлер инвестициялық жобаның сенімділігін растамайды. Алаяқтар танымалдық пен сәтті сауданың көрінісін жасанды түрде жасай алады.
Есіңізде болсын, Қазақстанда цифрлық активтермен жасалатын операциялар заңнамамен реттеледі. Криптоплатформаны пайдаланбас бұрын оның құқықтық мәртебесін, қажетті рұқсаттардың бар-жоғын және тиісті реттеушілердің ресми тізілімдеріндегі мәліметтерді тексеру қажет.
4-жағдай. Мүлдем болмауы мүмкін құрылысқа инвестициялар
Мессенджерде тұрғын үй кешенінің, коммерциялық нысанның немесе қала сыртындағы кенттің құрылысына ақша салу туралы ұсыныс таратылады. Ұйымдастырушылар тартымды шарттарды уәде етеді: жылжымайтын мүлікті нарықтық құнынан арзан сатып алу немесе жоба аяқталғаннан кейін пайда табу. Дәлел ретінде құрылыс алаңының фотосуреттерін, болашақ ғимараттардың визуализацияларын, презентацияларды, шарттар мен мөр басылған құжаттарды көрсетеді. Кейде шын мәнінде бар құрылыс компаниясының атауын пайдаланады.
Әлеуетті инвесторға нысандардың құны жақында өсетінін және тиімді шарттар қолжетімсіз болатынын түсіндіріп, алғашқы жарнаны салу ұсынылады.
Бірақ ақша аударылғаннан кейін өздерін құрылыс салушының қызметкерлері ретінде таныстырған адамдардың оған ешқандай қатысы жоқ екені анықталуы мүмкін. Басқа жағдайларда ұйымдастырушыларда қажетті рұқсат беру құжаттары болмайды немесе жобаның өзі мүлдем жоқ болып шығады.
Бұл ретте нақты құрылыс нысанының фотосуреттері де ештеңеге кепілдік бермейді: алаяқтар нағыз құрылыс салушылардың материалдарын олардың келісімінсіз пайдалана алады.
Алаяқтықты қалай анықтауға болады?
Ақша салмас бұрын заңды тұлғаны, оның жобаға қатысын, жер учаскесіне арналған құжаттарды, қажетті рұқсаттарды және ұсынылып отырған қаражат тарту схемасының заңдылығын тексеріңіз. Егер құрылыс кезеңінде тұрғын үй сатып алу туралы сөз болса, сатып алушылардың ақшасын тарту Қазақстанның тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылатынына жеке көз жеткізіңіз.
«Компания өкілі» мессенджерде жіберген құжаттармен шектелмеңіз. Құрылыс салушымен ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласып, ол шынымен осындай шарттарды ұсынатынын нақтылаңыз.
Есіңізде болсын: нақты құрылыс нысанының болуы Telegram немесе WhatsApp арқылы инвестиция ұсынып отырған адамның ол үшін ақша қабылдауға құқығы бар екенін білдірмейді.
5-жағдай. «Кешке дейін қарызға берші»: алаяқтар таныстардың атынан жазғанда
Елестетіп көріңіз: WhatsApp-қа досыңыздан немесе туысыңыздан хабарлама келеді. «Сәлем! Маған шұғыл 100 мың теңге керек. Аудара аласың ба? Кешке міндетті түрде қайтарамын». Нөмір таныс, фотосуреті орнында, хат алмасу тарихы сақталған. Күмәнданатын ешқандай себеп жоқ сияқты. Бірақ аккаунт алаяқтардың қолына түсуі мүмкін.
Көбінесе бәрі дауыс беруге, ұтыс ойынына, фотосуреттерге немесе сыйлық алуға арналған зиянсыз сілтемеден басталады. Кейде оны аккаунты бұзылып қойған басқа таныс жібереді. Сілтеме арқылы өткен пайдаланушы жалған бетке түседі де, телефон нөмірін, құпиясөзді немесе растау кодын енгізеді. Қажетті деректерді алған соң қаскүнемдер оның аккаунтына қосыла алады.
Осыдан кейін алаяқтар иесінің атынан оның контактілеріне жаза бастайды. Біреулерден ақша қарызға беруді сұрайды, екіншілеріне сатып алуға төлеуді ұсынады, үшіншілеріне жаңа фишингтік сілтемелер жібереді.
Алаяқтықты қалай анықтауға болады?
Егер танысыңыз күтпеген жерден ақша аударуды сұраса, әсіресе үшінші тұлғаның картасына, өтінішті міндетті түрде қайта тексеріңіз. Оған кәдімгі телефон байланысы арқылы қоңырау шалыңыз немесе алдын ала белгілі басқа тәсілмен хабарласыңыз.
Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз беттерде растау кодтарын енгізбеңіз. Мессенджер баптауларында екі сатылы тексеруді қосып, қосылған құрылғылар тізімін мезгіл-мезгіл қарап отырыңыз.
Айта кетейік, Бас прокуратура алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті.