World Boxing: Аида Әбікеева әлем чемпионатында жарысты жалғастырады

Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM — World Boxing аясында Англияның Ливерпуль қаласында өтетін әлем чемпионатынында бүгін, 5 қыркүйекте Қазақстан құрамасынан Аида Әбікеева (65 келі) жарысты сәтті бастады. 

Ол алғашқы жекпе-жегінде Лука Хаморимен (Венгрия) жұдырықтасты.

Венгриялық спортшы бірінші раундта басым түсті. Бірақ Аида Әбікеева қалған екі раундта жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетіп, жеңіске қол жеткізді.

Айта кетсек, бұдан бұрын ел құрамасынан Карина Ибрагимова (57 келі) әлем біріншілігіндегі алғашқы кездесуінде қарсыласын ұтып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Еліміздің әйелдер құрамасынан Элина Базарова (54 келі) алғашқы жекпе-жегінде өзбекстандық Нигина Уктамоваға есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.

Енді әлем чемпионатында еліміздің атынан аталған үш боксшыдан өзге Назым Қызайбай (48 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі), Виктория Графеева (60 келі), Наталья Богданова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (80 келі) және Елдана Талипова (80 келіден жоғары) сынға түседі.