World Boxing: Таиландта бокстан алғашқы Азия чемпионаты өтеді
АСТАНА. KAZINFORM - Таиланд астанасы Бангкок қаласында бокстан World Boxing ұйымының U19 және U22 жас санаттары бойынша алғашқы Азия чемпионаты өтеді.
Құрлықтық дода 30 шілде-12 тамыз аралығына белгіленген. Оған 25 елден 396 боксшы (237 ер және 159 әйел) қатысады деп жоспарланып отыр. Олардың арасында Қазақстан, Ауғанстан, Филиппин, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Иран, Ирак, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Қатар, Қытай, Сингапур, Шри-Ланка, Таиланд, Түркіменстан, Өзбекстан, БАӘ, Въетнам, Бутан бар.
Азия чемпионатында 22 жасқа дейінгі жастар құрамасында Бақыт Сәрсекбаев бас бапкерлік қызмет атқарады. Екі ай бұрын Шри-Ланкада өткен жарыста оның басшылығымен қазақстандық боксшылар 10 алтын, 2 күміс алған еді.
Таиландтағы құрлықтық додаға баратын боксшылар құрамы айтарлықтай өзгерді. Атап айтқанда, бұрынғы құрамнан Нұрислам Қалдыбаев (60 келі), Аман Қонысбеков (75 келі), Азатбек Жолдасхан (85 келі) ғана бар. Олардан басқа Нұрзат Оңғаров (50 келі), Бексұлтан Боранбек (55 келі), Илья Калинин (65 келі), Нұрбек Мурсал (70 келі), Санжарәлі Бегалиев (80 келі), Темірлан Мұқатаев (90 келі), Нұрасыл Асылхан (90 келіден жоғары) ел намысын қорғайды.
Еске салсақ, Қазақстанның бокс федерациясы өткен жылдың қараша айында ресми түрде World Boxing-тің толыққанды мүшесі атанды.