World Taekwondo өкілі: Қазақстан бізді әрқашан таңқалдырады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада таеквондодан Гран-при финалына (World Taekwondo Grand Prix Final) арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Фото: Арлан Олжабай

Жиынға World Taekwondo ұйымының президенті доктор Чунгвон Чоу, Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Кудрәт Шамиев, World Taekwondo ұйымының Бас хатшысы Чонган Со, техникалық делегат Филипп Буэдо, сондай-ақ Қазақстан құрамасының спортшылары, Азия ойындарының чемпионы әрі Гран-при финалының қатысушысы Тамирлан Тілеулес пен ұлттық құрама мүшесі Мария Севостьянова қатысты.

World Taekwondo ұйымының президенті халықаралық турнирді жоғары деңгейде ұймдастырып жатқан Қазақстан таеквондо федерациясына өз алғысын білдірді. Сонымен қатар, ол Астанадағы байрақты бәсекенің ерекшелігіне тоқталып, қазақстандық спортшыларға сәтіллік тіледі.

Фото: Арлан Олжабай

- Бұл додада жаңа ережелердің қолданысқа енгізілуі өте маңызды болмақ. Алда Олимпиада ойындары келе жатыр. Сол себепті World Taekwondo ұйымы халқаралық жарыстарда ережелерге өзгерістер енгізіп, бәсекенің барынша әділ және сапалы өтуіне баса назар аударады. Сонымен қатар, Астанадағы Гран-при финалында пара таеквонда жарысының өтетінін айта кеткім келеді,- деді Чунгвон Чоу.

Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Кудрәт Шамиев осындай халқаралық турнирдің елімізде өтуі спортшыларымыз үшін жақсы мүмкіндік екенін айтты.

Фото: Арлан Олжабай

- Ең әуелі World Taekwondo ұйымының осы турнирді елімізде өткізуге көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіремін, бұл біз үшін үлкен мәртебе. Осындай халқаралық турнирлердің елімізде өтуі спортшылармыздың тәжірибе жинауына үлкен мүмкіндік, мықты қарсыластарымен күш сынасатын жақсы орай. Сол үшін байрақты бәсекені жоғары деңгейде ұйымдастырып, еліміздің әлеуетін көрсету үлкен жауапкершілік,- деді ол.

Кудрәт Шамиев, бұл дода 2028 жылғы Олимпиада ойындары іріктеу турнирі қатарына жататынын айта келіп, қазақстандықтарды ел спортшыларын қолдауға шақырды.

World Taekwondo ұйымының техникалық делегат Филипп Буэдо kazinform тілшісіне берген жауабында Қазақстан таеквондо спортының дамуына жоғары баға берді.

Фото: Арлан Олжабай

- Соңғы екі жылда Қазақстан таеквондо спортынан ірі халқаралық жарыстарды сәтті ұйымдастырып жатыр. Қазақстанда таеквондо спорты қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Спортшыларыңыз халқаралық турнирлерде жоғары нәтиже көрсетіп, тіпті Азия ойындарында тарихи алтын медаль жеңіп алды. Қазақсан бізді әрқашан таңқалдырады. Сондықтан біз келесі жылы Астанада өтетін әлем чемпионаты жоғары деңгейде өтеді деп сенеміз,- деді Филипп Буэдо.

Айта кетейік, 27-29 қараша аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында таеквондодан Гран-при финалы өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан таеквондо федерациясы (WT) Астанада өтетін Гран-при финалына қатысатын спортшылардың тізімін жариялады.