Таеквондодан Астанадағы Гран-при финалына қатысатын қазақстандықтар анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан таеквондо федерациясы (WT) Астанада өтетін Гран-при финалына қатысатын спортшылардың тізімін жариялады.
Аталған жарыстан ел намысын төрт таеквондошы қорғайды.
Ерлер арасында Тамирлан Тілеулес (58 келіге дейін), Батырхан Төлеуғали (80 келіге дейін) өнер көрсетеді. Ал әйелдер арасында Рита Бакишева (49 келіге дейін) және Мария Севостьянова (57 келіге дейін) сынға түседі.
Айта кетейік, турнир 28-29 қараша аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Еске салайық, бұған дейін таеквондодан Қазақстан чемпионатының алғашқы жеңімпаздары анықталғанын хабарлаған едік.