WorldSkills Kazakhstan: Астанада жұмысшы мамандықтар чемпионаты басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада WorldSkills Kazakhstan кәсіби шеберліктің XI республикалық чемпионаты басталды. Биыл қатысушылар 44 құзыреттілік бойынша бақ сынайды. Ал кейбір тапсырмаларда жасанды интеллект құралдары да қолданылмақ.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

25-30 қараша аралығында өтіп жатқан чемпионатқа еліміздің 20 өңірінен 840-тан астам қатысушы мен 1 000-ға жуық сарапшы жиналды. Негізгі сайыстар 26-28 қараша күндері EXPO халықаралық көрме орталығында өтеді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Ақзира Қасымованың айтуынша, биыл чемпионаттағы құзыреттілік саны өткен жылдармен салыстырғанда едәуір артқан. Бұған жұмыс берушілердің қызығушылығы мен қолдауы ықпал еткен.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Жыл сайын бізде 30 ғана құзыреттілік болса, биыл 44 құзыреттілік бойынша сайыс өтеді. Жұмыс берушілердің қызығушылығы соншалық, демеушілік көмек көрсетіп, бағыттар санын көбейтуге мүмкіндік берді, — деді ол.

Биылғы чемпионаттың тағы бір ерекшелігі — цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану. Қатысушылар кәсіби тапсырмаларды орындау барысында заманауи құралдарды пайдаланып, өз дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алады. Мәселен өндірістік мамандардың жұмысы да өзгеріп келеді. Қазір қатысушылар роботтандырылған жабдықтармен жұмыс істейді. Ал ауыл шаруашылығында дрондар мен жасанды интеллект егінге қатысты деректерді талдауға көмектеседі.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Ақзира Қасымованың айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларына да жаңа дағдылар енгізіліп жатыр. Атап айтқанда студенттер негізгі мамандығымен қатар, жұмыс берушілердің сұранысына сай қосымша құзыреттіліктерді меңгере алады.

Чемпионаттың басты міндеттерінің бірі — жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және білім беру жүйесіне халықаралық стандарттарды енгізу. Бұл ретте жұмыс берушілер тек сарапшы ретінде ғана емес, болашақ мамандарды іріктеуге де қатысады.

— Бұл чемпионат — мұғалімге де, студентке де, жұмыс берушіге де үлкен мүмкіндік беретін алаң. Жұмыс берушілер өздеріне ұнаған қатысушылармен қазірден бастап жұмыс істеп, оларды дуалды оқытуға шақыра алады. Кейін тұрақты жұмысқа қабылдау мүмкіндігі де бар, — деді департамент директоры.

Оның айтуынша, республикалық чемпионат жеңімпаздары халықаралық деңгейдегі WorldSkills жарыстарына қатысуға жолдама алуы мүмкін. Сонымен қатар өңірлерде әкімдік гранттарына үміткер болуға және ірі компанияларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Биыл халықаралық WorldSkills чемпионатында дрон операторы құзыреттілігі бойынша қола медаль алған қазақстандық қатысушыға да жоғары білім алу мүмкіндігі берілген. Министрлік енгізген заңнамалық өзгерістерге сәйкес, халықаралық чемпионаттарда алтын, күміс немесе қола медаль иеленген жастар өз бейіні бойынша жоғары білім грантын иелене алады.

Республикалық чемпионатқа қатысушылардың бірі — Алматы қаласынан келген Бауыржанұлы Әбдірахым. Ол сәндік сылақ жұмыстары бойынша бақ сынап жатыр. Жас маманның айтуынша, құрылыс саласында интерьерді әрлеудің жаңа тәсілдері көбейіп, сәндік материалдарға сұраныс артып келеді.

— Қазір құрылыс көп, үй жөндеу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Бұрынғы тұсқағаздардың орнына түрлі сәндік материалдар қолданыла бастады. Маған осы бағыт ұнайды. Өйткені жаңа трендтермен жұмыс істеп, әртүрлі материалдарды меңгеруге болады, — дейді қатысушы.

Еске салсақ, бұған дейін, WorldSkills Shanghai 2026 чемпионатында ел намысын 33 студент 31 бағыт бойынша қорғап, Қазақстан қоржынына сегіз марапат салған еді.