Басылымның мәліметінше, бюллетень алуға өтініш 3 қазанда АҚШ-тың Иллинойс штатындағы Уилл округінің әкімшілігінде тіркелген.
Понтифик сайлаушылар тізіміне өзінің шын есімі Роберт Фрэнсис Превостпен енгізілген. Ол Нью-Ленокс қаласында тұратын ағасы Джонның мекенжайы бойынша тіркелген. XIV Лео АҚШ, Перу және Ватикан азаматтығына ие.
Бұл туралы алғаш рет 23 қазанда жергілікті WJOL радиостанциясы хабарлаған. Оның мәліметінше, өтінішті понтификтің жақын ортасындағы өкілдердің бірі берген.
Рим папасының толтырылған бюллетеньді жіберген-жібермегені әзірше белгісіз. Оның дауыс бергені расталса, XIV Лео басқа мемлекеттің сайлауына қатысқан алғашқы қызметтегі понтифик болуы мүмкін.
XIV Лео АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы мен Иллинойс штаты Сенатына, сондай-ақ штат губернаторы мен жергілікті билік органдарына сайлауға қатысуға құқылы.
Euronews-тің жазуынша, Католик шіркеуінің басшысы болып сайланғанға дейін Роберт Превост АҚШ-тағы сайлауларға бірнеше рет қатысқан. Ол 2012, 2014, 2018 және 2024 жылдардағы жалпыхалықтық сайлауларда дауыс берген. Сондай-ақ Демократиялық және Республикалық партиялардың бастапқы сайлауына қатысқан.
Алайда қызметтегі понтификтің басқа мемлекеттің сайлауына қатысуы оның Ватикан басшысы ретіндегі мәртебесіне қатысты сұрақтар туындатады. Латеран келісіміне сәйкес, Қасиетті Тақ мемлекеттер арасындағы зайырлы дауларға араласпау қағидатын ұстанады.
Еске салайық, бұған дейін Kazinform халықаралық шолушысы 3 қарашада өтетін АҚШ-тағы аралық сайлау Дональд Трамптың саяси жағдайына қалай әсер етуі мүмкін екенін түсіндірген еді. Дауыс беру кезінде америкалықтар Өкілдер палатасының барлық мүшесі мен Сенаттың 35 мүшесін сайлайды.