Жаңа шығарма «Фолиант» баспасынан жарық көрген. Романда қазақ халқының XVIII ғасырдағы алмағайып кезеңі, ел мен жерді қорғау жолындағы күресі, ата қонысқа оралу арманы және сол дәуірдегі тарихи тұлғалардың тағдыры көркем баяндалады.
Автордың айтуынша, шығарма Қожаберген батырдың өмір жолы арқылы сол кезеңдегі қазақ халқының басынан өткен тарихи оқиғаларды суреттейді.
-Қожаберген батыр – Арқада туып, ат басын Алтайға тіреген, бүкіл өмірін ел шетінде, жау өтінде өткізген тарихи тұлға. Ол қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғауға және қазіргі қазақ шекарасының қалыптасуына зор үлес қосқан. Батыр туралы деректер көп, олардың бірқатары Қытай дереккөздерінде де сақталған. Романда қазақ қоғамының тыныс-тіршілігі, дәстүрі мен мәдениеті, хандар мен билер кеңесінің шешімдері және сол дәуірдегі қоғамдық орта кеңінен қамтылады. Сондай-ақ жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес кезіндегі елдің жағдайы, батырлардың жауға қарсы тізе қосып, елдік жолында бірігуі, қан кешкен шайқастары мен күн-түн демей ат үстінде жүріп, ұзақ жолдарды басқан жортуылдары суреттеледі. Қожаберген батырдың Алтай мен Тарбағатайға көш бастап, сол өңірлерге ел қоныстандырған ерлігі де баяндалады, – дейді жазушы.
Тұрсынхан Зәкеннің айтуынша, «Қараберен» – бір ғана батырдың тағдырын баяндайтын шығарма емес, XVIII ғасырдағы қазақ халқының болмысы мен арман-мұратына қайта үңілуге мүмкіндік беретін тарихи-көркем туынды.
-Бұл туынды – менің Қожаберген батырдың ерлік жолы арқылы тұтас XVIII ғасырға қойған ескерткішім. Ол сол бір алмағайып заманда ел бастаған, қол бастаған ерлердің және Қазақ даласының әр төбесінде, әр қонысында қорым тасы қалған боздақтардың рухына арналады, – дейді жазушы.
Тұсаукесер барысында жаңа туынды туралы пікірлер айтылып, романның жазылу тарихы мен тарихи негізі таныстырылды.
Осыған дейін Бөкей ордасының тарихын түгендеген үш кітап жарық көргені туралы жаздық.