Ямаль мен Холанд 220 млн еуромен әлемдегі ең қымбат футболшы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатынан кейін Испания құрамасының ойыншысы Ламин Ямаль мен Норвегия құрамасының шабуылшысы Эрлинг Холандтың нарықтық құны рекордтық көрсеткішке — 220 миллион еуроға жетті. Бұл туралы Transfermarkt порталы хабарлады.

Фото: 24 kg

2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін екі футболшының трансферлік нарықтағы құны рекордтық деңгейге жетті

Ямаль мен Холандтың трансферлік бағасы әрқайсысында 20 миллион еуроға өсіп, қазіргі таңда олардың құны 220 миллион еуро деп бағаланып отыр.

Осылайша, футболшылар жаңа рекорд орнатып, әлемдегі ең қымбат ойыншылар атанды. Үшінші орында Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе тұр, оның нарықтық бағасы — 200 миллион еуро.

Турнир барысында 100 миллион еуролық межеден испаниялық Пау Кубарси, аргентиналық Энцо Фернандес, сондай-ақ Англия құрамасының ойыншылары Эллиотт Андерсон мен Морган Роджерс асты. Олардың әрқайсысының құны 110 миллион еуроға жетті.

Чемпионаттан кейін ең көп қымбаттаған футболшы — Эллиотт Андерсон болды. Оның трансферлік құны 35 миллион еуроға өсті. Одан кейін Англия құрамасының ойыншысы Джуд Беллингем мен Марокко футболшысы Аюб Буадди келеді — олардың бағасы 30 миллион еуродан артқан.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионы атанған — Испания құрамасы. Финалда испаниялықтар Аргентина құрамасын жеңді. Кездесудің негізгі уақыты 0:0 есебімен аяқталып, қосымша уақыттың екінші бөлігінде «Барселона» клубының 26 жастағы шабуылшысы Ферран Торрес жеңіс голын соқты.

Айта кетейік, Испанияның футболдан ұлттық құрамасы биылғы әлем чемпионатындағы жеңісі үшін алған сыйақысынан шамамен 15 млн АҚШ доллары көлемінде салық төлейтін болды.