Йемен армиясы хуситтердің 87 жауынгері мен қолбасшысын жойғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM – Йемен армиясы бірнеше бағытта жүргізілген 779 әскери операцияның нәтижесінде «Ансар Аллах» қозғалысының (хуситтер) 87 жауынгері мен қолбасшысын залалсыздандырғанын хабарлады.

Фото: Anadolu

Сонымен қатар олардың 63 әскери техникасы мен жауынгерлік жабдығы жойылған немесе зақымданған. Бұл туралы Анадолы хабарлайды.

Йемен армиясының ресми өкілі Мәжид ән-Нузайлидің айтуынша, операциялар барысында хуситтердің 63 әскери техникасы мен жауынгерлік жабдығы жойылған немесе істен шығарылған.

Алайда ол залалсыздандырылғандардың қаншасы қаза тапқанын, қаншасы жараланғанын нақтыламады.

Ән-Нузайли хуситтерді елдің оңтүстік-батысындағы Таиз провинциясын атқылау салдарынан 11 бейбіт тұрғынның қаза болуына айыптады. Тағы жеті адам, оның ішінде балалар жараланған.

Бұдан бөлек, оңтүстіктегі Лахдж провинциясында екі қыз бала жарақат алған. Әд-Дали провинциясында тағы бір бейбіт тұрғын зардап шеккен.

Хуситтер әзірге Йемен армиясының мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген жоқ.

Йемендегі қарулы қақтығыс 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Сол жылы хуситтер ел астанасы Сана қаласы мен бірқатар аумақты бақылауына алған. 2015 жылы Сауд Арабиясы бастаған коалиция халықаралық деңгейде мойындалған Йемен үкіметін қолдап, қақтығысқа араласты.

Үкімет күштері мен хуситтер арасындағы текетірес 2022 жылы жасалған бітімнің бұзылуынан кейін биыл шілдеде қайта өршіді.

Еске салайық, бұған дейін хуситтер Сауд Арабиясындағы мұнай өңдеу зауыттары мен қаржы орталығына соққы жасағанын мәлімдеген болатын.