Йеменде Таиз қаласы үшін шайқас күшейіп барады

АСТАНА. KAZINFORM — Йеменде ірі қалалар маңында және Қызыл теңіз жағалауында шайқастар күшейіп барады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: x.com/OSINTWarfare

Сауд Арабиясының әуе күштерінің қолдауымен халықаралық деңгейде танылған Йеменнің үкіметтік күштері Таиз маңында және елдің батыс жағалауында хуситтердің шабуылын тойтарып келеді. Al Jazeera арнасының хабарлауынша, хуситтер қалаға қарай жылжуға тырысып жатыр, ал үкімет күштері Баб әл-Мандеб бұғазы маңындағы аумақты қайтарып алу операцияларын жүргізіп жатыр.

Қақтығыстың негізгі аймақтарының бірі Таиз жанындағы Сабир тауының биіктіктері болып отыр. Хуситтер тауда стратегиялық маңызды орынды басып алғаны туралы хабарлар тарады. Егер олар алға жылжи берсе, қала үшін шайқаста ұтымды позицияларды иеленуі мүмкін.

Дегенмен нақты қай орындарға бақылау орната алғаны белгісіз.

Хуситтер бірнеше бағыттан шабуылдап, үкімет позицияларына қысым жасап отыр. 10 қазанда олар қаланың шығыс және солтүстік-шығыс тұсынан әртүрлі қару түрлерін және қарқынды артиллерияны қолдана отырып шабуыл жасады.

Үкімет күштері бірнеше аймақтағы шабуылдарды тойтара алды, содан кейін хуситтердің позициялары мен әл-Қаср мен Усайфир аймақтарында шоғырланған күштеріне әуеден соққы жасады.

Сонымен қатар, үкімет күштері батыс жағалаудағы Дубаб және әл-Вазия аймақтарында операция жүргізіп отыр. Сауд Арабиясының әуе күштерінің қолдауымен үкіметтік күштер қыркүйек айында хуситтер басып алған аумақтарды қайтарып алуға және Баб әл-Мандеб бұғазы маңындағы позицияларын нығайтуға бел буған.

Инфографика: Institute for the Study of War

Жердегі шайқас үдеген тұста хуситтер бақылауындағы БАҚ әуе шабуылдарының аумағы кеңейгенін жаза бастады.

Дүйсенбі күні кешке Йеменнің Saba ақпарат агенттігі Сана провинциясындағы Хамдан ауданына және Таиз провинциясындағы Хайфан ауданына шабуыл жасалғанын хабарлады. Кей хабарламаларда елдің оңтүстік-батысындағы астана әуежайына баратын жолға және тұрғын үйлерге шабуыл жасалғаны айтылды.

Агенттіктің мәліметі бойынша, 11 қазанда Санадағы әуе шабуылында бір бала қаза тапты, алты адам жараланды, ал Таиздегі үйге жасалған шабуылда тағы үш бейбіт тұрғын жарақат алды.

Хуситтер бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі 3 қыркүйекте басталғаннан бері кем дегенде 272 адамның қаза тапқанын хабарлады.

Хуситтер сонымен қатар Сауд Арабиясы соңғы 24 сағат ішінде Йеменге 124 мәрте әуеден соққы жасады деп мәлімдеді. Хуситтердің сыртқы істер ведомствосы Сауд Арабиясы жаңа қарымта шабуылдан қауіптенгендіктен операцияны жалғастырып отырғанын айтады.

— Егер Сауд Арабиясы Йемендегі агрессиясын тоқтатпаса, жағдай нашарлай бермек, — делінген Al Masirah телеарнасы таратқан мәлімдемеде.

Сонымен қатар, Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи саудиялық әріптесімен әңгімесінде Тегеранның Сауд Арабиясы мен Йемен арасындағы диалогты жеңілдетуге дайын екенін білдірген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Kazinform Сауд Арабиясы мен хуситтер арасындағы қақтығысқа сараптама жасаған болатын. 

Еске салсақ Қазақстан хуситтердің Сауд Арабиясындағы шабуылдарын қатаң айыптаған еді.