Қазақстан хуситтердің Сауд Арабиясындағы шабуылдарын қатаң айыптады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі хусит жасақтарының Сауд Арабиясындағы азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасаған, адам шығынына әкеп соққан шабуылдарын қатаң айыптады.

Сыртқы істер министрлігі
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Ведомствоның мәлімдеуінше, мұндай шабуылдарға гуманитарлық тұрғыдан жол беруге болмайды және олар халықаралық құқық нормаларын бұзады.

Министрлік бұл әрекеттер Йемендегі ахуалды тұрақтандыру жөніндегі күш-жігерге нұқсан келтіріп, қақтығысты саяси жолмен реттеуге кедергі келтіретінін атап өтті.

— Шабуылдарды дереу тоқтатуға және дағдарысты тек саяси-дипломатиялық құралдар арқылы шешуге шақырамыз, — делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ Қазақстан Сауд Арабиясымен ынтымақтастығын растап, Корольдіктің БҰҰ Жарғысына сәйкес өз егемендігі мен қауіпсіздігін қорғауға құқылы екенін мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі хуситтердің Эр-Рияд әуежайына жасаған шабуылынан кейін зардап шеккендер арасында ел азаматтарының бар-жоғын тексеріп жатқаны хабарланғанбыз.

Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен жараланғандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ.