ҚР СІМ: Эр-Риядтағы шабуылдан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ
АСТАНА. KAZINFORM — Алдын ала мәлімет бойынша, Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуыл салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді.
Сауд Арабиясының Азаматтық авиация басқармасының мәліметінше, шабуыл салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алған.
Қаза тапқандардың арасында Сауд Арабиясының төрт азаматы, Бангладештің екі азаматы, сондай-ақ АҚШ, Мысыр, Иордания, Сирия, Палестина және Судан азаматтары бар. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр.
Бұған дейін шабуылға жауапкершілікті Йемендегі хуситтер өз мойнына алғаны хабарланған еді. Болжам бойынша, олар әуежайға зымыран ұшырған. Алайда қауіп туралы ескерту жүйесі іске қосылмаған.
Бұл — бір апта ішінде әуежайға жасалған үшінші шабуыл. Бұған дейінгі шабуылдар салдарынан тағы төрт адам қаза тауып, жолаушылар ұшағы зақымданған. Кейінгі шабуылдан соң Эр-Риядтан ұшатын рейстер басқа әуежайларға бағытталып, әуежайдың жұмысы уақытша тоқтатылған.
Ал хуситтер әуе компанияларын Сауд Арабиясының әуе кеңістігін пайдаланбауға үндеп, бұл аумақты әскери операциялар аймағы деп жариялаған.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен шабуылдың салдары нақтыланып жатыр.
Еске салайық, мұның алдында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуыл салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғын тексеріп жатқанын хабарлағанбыз.