Йеменнен ұшырылған екі зымыран Сауд Арабиясына жете алмады

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясы бастаған Араб коалициясы Иран қолдайтын хуситтер Йеменнен Сауд Арабиясының оңтүстік-батысындағы Жизан өңіріне қарай ұшырған екі баллистикалық зымыранның әуе қорғанысы жүйелері арқылы жойылғанын хабарлады.

Фото: Анадолы

Коалиция өкілі, бригадалық генерал Турки әл-Малики X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде хуситтердің Жизан өңіріне баллистикалық зымырандармен соққы жасауға әрекеттенгенін жеткізді.

Оның айтуынша, Жизан маңында анықталған екі зымыран да әуе қорғанысы құралдарымен ұсталып, жойылған. Зымырандарды залалсыздандыру кезінде олардың сынықтары әш-Шукайк елді мекені маңына құлаған. Осыдан кейін тиісті қызметтер оқиға орнына барып, жұмысқа кіріскен.

Оқиғаға дейін Сауд Арабиясының Азаматтық қорғаныс жөніндегі бас басқармасы Жизан мен Наджран өңірлерінің тұрғындарын ықтимал қауіп туралы ескерткен.

Бұған дейін Араб коалициясы Сауд Арабиясы мен Йеменге қауіп төндіретін, Иран қолдайтын хуситтердің нысандарына қарсы әскери операция бастағанын мәлімдеген болатын. Операция аясында әл-Ходейда портына да соққы жасалған.

Йемендегі қақтығыс

Йемендегі жағдай 2014 жылдың қыркүйегінде Иран қолдайтын хуситтер ел астанасы Сана қаласы мен бірқатар басқа аумақты бақылауына алғаннан кейін шиеленісе түсті.

Осыдан соң, 2015 жылдың наурызында Сауд Арабиясы бастаған Араб коалициясы халықаралық деңгейде мойындалған Йемен үкіметін қолдап, әскери іс-қимылдарға кірісті.

2022 жылдың сәуірінде бітім күшіне енгеннен кейін елде салыстырмалы түрде тыныш кезең орнаған еді. Алайда шілде айынан бастап әскери қақтығыстар қайта күшейіп, аймақтағы күштердің арақатынасы өзгерді.

Иран қолдайтын хуситтер Йемен үкіметінің бақылауындағы аумақтарға шабуылдарын күшейтіп, Сауд Арабиясына да баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасап келеді.

Бұған дейін БАӘ Иранды Ормуз бұғазындағы екі мұнай танкеріне шабуыл жасады деп айыптаған болатын.