Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі мәліметінше, йод — қалқанша безінің қалыпты жұмыс істеуіне, оның гормондарының түзілуіне, сондай-ақ ағзаның өсуі мен дамуына қажетті өмірлік маңызы бар микроэлемент.
— Йодтың ағзаға жеткілікті мөлшерде түсуі әсіресе жүктілік, балалық және жасөспірімдік кезеңдерде аса маңызды. Йод тапшылығы қалқанша безінің қызметінің бұзылуына әкелуі, балалардың дене және ақыл-ой дамуына кері әсер етуі, сондай-ақ еңбекке қабілеттіліктің төмендеуіне және тез шаршағыштыққа себеп болуы мүмкін, — делінген комитет таратқан ақпаратта.
Ағзаны йодпен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету үшін төмендегі қарапайым ұсынымдарды ұстану маңызды:
1. Йодталған тұзды таңдаңыз. Кәдімгі тұздың орнына йодталған тұзды пайдаланыңыз. Йодтың жылумен өңдеу кезінде жоғалуын азайту үшін оны дайын тағамға немесе тағам әзірлеудің соңында қосқан жөн.
2. Тамақтану рационын түрлендіріңіз. Йодтың табиғи көздері болып табылатын теңіз балығы мен теңіз өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін үнемі тұтыныңыз.
3. Балалар мен жүкті әйелдердің тамақтануына ерекше көңіл бөліңіз. Йодтың жеткілікті мөлшерде түсуі баланың жүйке жүйесінің қалыптасуы мен дамуы үшін аса маңызды.
4. Йодталған тұзды дұрыс сақтаңыз. Оны қақпағы тығыз жабылатын ыдыста немесе қаптамада, құрғақ әрі салқын жерде сақтаңыз.
Сонымен қатар, йодталған тұзды пайдалану тұз мөлшерін көбейту қажет дегенді білдірмейтінін есте ұстаған жөн. Тұз тұтынуды шектеу жөніндегі ұсынымдарды сақтау қажет.
Жүкті және бала емізетін әйелдерге, сондай-ақ қалқанша безінің аурулары бар адамдарға йодты қосымша қабылдау қажет болған жағдайда дәрігермен кеңесу ұсынылады.
Осыған дейін БАӘ витилигоны емдейтін жаңа дәріні мақұлдаған алғашқы ел болғанын жазғанбыз.