YouTube ұсынатын әрбір бес бейненің бірі –ЖИ арқылы жасалған сапасыз контент

Фото: Мұхтар Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қаралым санын арттыру үшін жасанды интеллект (ЖИ) арқылы жасалған сапасыз контент YouTube лентасының 20 пайыздан астамын құрауы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform

Бұл туралы бейнемонтажбен айналысатын Kapwing компаниясы жүргізген зерттеу көрсетті. 

Сарапшылар ЖИ көмегімен жасалған сапасыз контентті жергілікті жерде қолданудың қаншалықты кең таралғанын түсіну үшін 150 елдегі ең танымал 100 бейнеарнаны зерттеді. 

Зерттеу барысында толығымен ЖИ-слоп арқылы жасалған төмен сапалы контенттен тұратын 278 арна анықталды. Бағалау бойынша, олар жыл сайын шамамен 117 млн доллар кіріс әкеліп отыр.

Есепке сәйкес, Испанияда жасанды интеллект арқылы жасалған сапасыз контентке арналған танымал арналардың жалпы 20,22 млн жазылушысы бар, бұл кез келген басқа елге қарағанда көп. «Үштікте» сондай-ақ Мысыр (17,91 млн) және АҚШ (14,47 млн) бар. 

Оңтүстік Кореяда ғана деструктивті ойлауды насихаттайтын танымал арналар 8,45 млрд қаралым жинады, бұл елдегі халықтың жалпы санынан 164 есе көп. ЖИ қолданып түсірілген бейнелері бар және қаралымның көп санын жинаған ең танымал он арнаның бесеуі Оңтүстік Кореяда, қалғандары Мысыр, Бразилия және Пәкістанда орналасқан.

- Генеративтік ЖИ – құрал және кез келген құрал сияқты оны жоғары сапалы және төмен сапалы мазмұн жасау үшін пайдалануға болады. Біз пайдаланушыларымызға ол қалай жасалғанына қарамастан жоғары сапалы мазмұнға қол жеткізуді қамтамасыз етуге назар аударамыз. YouTube-ке жүктелген барлық мазмұн біздің қауымдастық нұсқауларымызға сәйкес келуі тиіс, ал егер біз мазмұнның қандай да бір ережені бұзатынын анықтасақ, біз оны тез жоямыз, - деп мәлімдеді YouTube өкілі. 

YouTube ЖИ көмегімен жасалған мазмұнға қатысты дилеммаға тап болды.

Бір жағынан, YouTube бас директоры Нил Мохан генеративті ЖИ-ді YouTube үшін ең маңызды жетістік деп атайды. 

Екінші жағынан, ол жарнама берушілер өздерінің жарнамалары ЖИ-слоптарда орналастырылғандықтан өздерін құнсызданған сезінеді деген алаңдаушылығын білдірді. 

Guardian басылымының шілде айында YouTube деректеріне жүргізген талдауы «YouTube-те әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан арналардың әрбір оныншысында тек ЖИ көмегімен жасалған контент бар» екенін көрсетті. 

Бұған дейін Түркия ЖИ көмегімен жасалған алғашқы мультсериалды таныстырғанын жазған едік.