НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші, әлемнің 32-ракеткасы Юлия Путинцева Будапешт WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 97-орында тұрған украиналық Леся Цуренкомен шеберлік байқасты.
Қазақстандық теннисші бірінші партияда қарсыласына дес бермеді – 6:0.
Екінші сетте де 2:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін Л. Цуренко матчты жалғастырудан бас тартты.
Ю. Путинцева соның өзінде 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді.
Юлия финалға шығу үшін әлемнің 105-ракеткасы, сербиялық Александра Круничпен таласады. Ол рейтингіде 102-сатыдағы қытайлық Сю Ванды ойсырата ұтты – 6:0, 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Будапешт турнирінің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Қазақстан тарихында алғаш рет төрт төреші «Үлкен дулыға» турниріне қазылық етті.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).